Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы,
Сан алуан мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шыдамдылықты, жауапкершілік пен мейірімділікті қажет ететін мамандықтардың бірі – ұстаздық ету. Мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуге жауапты маман иесі.
Ұстазға сай лайықты болу, ұлы есімге дақ келтірмей арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы деп білген «№ 4 ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Тюлюбаева Галия Серекжановна.
Ол 30 жыл үздіксіз білім беру саласында еңбектенген педагог-зерттеуші, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін майталман ұстаз.
Галия Серекжановна ұстаздық жолын Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Көкалажар ауылынан бастаған. Кейін Рузаев ауданы, Калинов орта мектебіне орналасып, 27 жыл бойы ұстаздық жолын жалғастырды. Қазіргі күнде «№4 ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі және оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Әр шәкірт өзінше жеке, қайталанбас тұлға. Сондықтан баланың жан дүниесін түсіне білу, оларды жақсы көру, өзіңнің жанына жақын тарту ұстаздың басты ұстанымы.
30 жылғы ұстаздық жолында айтарлықтай қол жеткізген жетістіктері жетерлік.
- Республикалық байқау «Ы.Алтынсарин-2019» диплом,төсбелгі
- Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған КИО республикалық қашықтықтан олимпиадасының қатысушысы Үздік нәтиже
-Облыстың білім беру жүйесін дамытуға зор жеке үлесін қосқаны үшін, Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы Құрмет грамотасы
-Мемлекеттік тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы
- «Оқытудың жаңа технологиясы бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру және басқару» тақырыбына әдістемелік құрал авторы
- Республикалық байқау «Ақ бота», аудандық пән олимпиадалары,
-КАТЕV олимпиадасы «Жарқын болашақ» ауданда 1 орын,
-КАТЕV олимпиадасы «Жарқын болашақ» облыста 3 орын.
Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда шәкірттердің биіктен көрінуіне күнделікті ісіндегі жаңашылдығы мен құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәрбиесі арқылы қол жеткізді.
ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Осыны ескерген тәжірибелі де, білікті ұстаз ой өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәттен естен шығарған емес.
«№4 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Абеева Көгершін Жумабекқызы