Әріптес жайлы мөлтек сыр ...
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» - деп, қазақтың бас ақыны, ғұлама Абай Құнанбайұлы айтқандай, білім көкжиегіндегі үнемі ізденіске толы ұстаздың өлшеусіз еңбегі, шәкіртке берер білімі қашан да толассыз.
Шәкірт көзімен ұстаз – білікті маман, ерекше құрметке лайық, сыйлы адам. Қазіргі жаһандану кезеңінде мұндай атақ, абыройға сай болу үшін талмай ізденіп, өз біліміңді үнемі жетілдіріп, заманауи талап үдерісінен шығу ләзім.
Осындай замана ағынымен ұстаздық еңбек жолын тоғыстырып жүрген білікті ұстаздарымыздың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Акипова Сания Казезтаевна.
Біздің ұжымға жұмысқа тұрғаннан-ақ, ол өзін білімді маман ретінде таныта білді. Ұстаздықты өзі туып өскен Айыртау ауданы, Үкілі Ыбырай ауылы, Өскен негізі мектебінде бастаған Сания Казезтаевна өзіндік еңбек тәжірибесін жақсы қалыптастырған айтулы ұстаз екендігін өз ісімен дәлелдей білді. Бірден әріптестерінің, ата-аналардың ықылас, құрметіне бөленіп, ең бастысы – шәкірттерінің сүйікті мұғаліміне айналды.
Ұлттық тәрбие мен ұлтқа тән қасиеттер ұлтжандылық, ұстаздық ұстаным мен жауапкершілік, өзіне деген сенімділікті оның тұла бойынан табуға болады.
Сания Казезтаевна – жастықтың жалындаған отын табандылықпен еңбексүйгіштік қасиетке бағындырған, шәкірт бойына да осыны дарыта білген талапшыл ұстаз. Білімнің қиын жолында өзіндік дара жолын салып үлгерген жаңашыл ұстаз, мақтаулы мұғалім.
Ұстаз кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында түрлі іс-шараларға да белсенді араласады. Ол «Үздік педагог» және пән бойынша байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Ұстаздың шәкірттері де қалалық, облыстық Абай, Мұқағали оқулары, түрлі байқау, сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ шығармашылықпен шұғылданады.
Сания Казезтаевна алысқа көз тіккен, алар асу, шығар шыңы мол білім әлемінің әлі талай биіктерін еңсерер нағыз маман, ұлағатты ұстаз.
«№4 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Бегалина Шолпан Тулегеновна