Сіздерге өте маңызды мәселе бойынша үндеу жолдаймыз – бұл біздің балаларымыздың қауіпсіздігі. Өкінішке орай, балалармен болатын қайғылы жағдайлардың көпшілігі ересектердің қарауынсыз қалған сәттерде орын алады.
Балалардың қауіпсіздігі – бұл ересектердің күнделікті қамқорлығы мен жауапкершілігі!
Сіздердің назарларыңызды келесі мәселелерге аударғымыз келеді:
Жол қауіпсіздігі. Балаларға көшеде жүру, жолды кесіп өту ережелерін үнемі түсіндіріп отырыңыздар. Автокөлік көрінбесе де, әрдайым абай болу қажеттігін ұмытпаңыздар. Бір сәттік бейқамдық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Терезелер мен балкондар. Балаларды ашық терезе жанында жалғыз қалдырмаңыздар! Масадан қорғайтын торлар баланың салмағына төтеп бере алмайды.
Электр және өрт қауіпсіздігі. Сіріңке, оттық, тоқ көздері мен электр құрылғыларын балалардан аулақ ұстаңыздар. Балаларға от пен тоқпен ойнауға болмайтынын түсіндіріңіздер.
Тұрмыстық қауіпсіздік. Балалардың дәрі-дәрмектерге, тұрмыстық химияға, өткір және кескіш заттарға қол жеткізбеуін қадағалаңыздар.
Ең бастысы – балалармен үнемі әңгімелесіп отырыңыздар!
Қауіп-қатерлер жайлы түсіндіріп, қайталап үйретіңіздер. Балалардың қайда жүргенін, кіммен араласатынын, немен айналысып жатқанын бақылаңыздар.
Есіңізде болсын:
Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік – ересектерге жүктеледі.
Біздің қамқорлығымыз, назарымыз және жанашырлығымыз ғана қайғылы жағдайлардың алдын алады.
Балаларыңызды қорғаңыздар!